ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІНЕ «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІМЕН СЕРІКТЕСТІК ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық даму картасында айтарлықтай серпіліс жасап келе жатқан өңірлердің бірі. Инвестициялық жобаларды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғын үй құрылысы – облыстың негізгі басым бағыттарының қатарында. Осы мақсатта өңір әкімдігі мен ұлттық даму институттарының өзара ынтымақтастығы артып келеді. ьСол бағыттағы маңызды қадамның бірі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшиннің кездесуі өтті. Жиында тараптар аймақта атқарылып жатқан бірлескен жобалардың барысын талқылап, жаңа серіктестік бағыттарын айқындады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына «Бәйтерек» холдингінің қосып отырған үлесін жоғары бағалап, бірлескен жобалар нәтижесінде халықтың әл-ауқаты мен инвестициялық белсенділік артып келе жатқанын атап өтті.

– «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес ұйымдарының қолдауымен облыста бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Соның арқасында тұрғын үймен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығын қолдау бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, облыс құрылған сәттен бері облигациялық қаржыландыру арқылы 147 көпқабатты тұрғын үй салынып, 4692 отбасы баспаналы болды. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен 261,7 млрд теңге несие қаражатына 4500-ден астам жоба субсидияланып, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін берілді, – деді өңір басшысы. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында да ірі инвестициялық жобалар мақұлданып, қаржыландыру көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл бағыт өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік туғызуда. Өз кезегінде «Бәйтерек» холдингінің төрағасы Рустам Карагойшин Түркістан облысының даму бағытын жоғары бағалап, холдинг тарапынан өңірлік бастамаларға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Түркістан – елдің рухани орталығы ғана емес, стратегиялық экономикалық аймаққа айналып келеді. Мұнда еңбекқор, іскер халық бар. Біз аймақтың бизнес және өндірістік әлеуетін күшейтуге дайынбыз. Бүгінгі кездесуде көтерілген ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеп, нақты жобаларға қолдау көрсетеміз, – деді ол. Кездесу барысында құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салалары бойынша басқарма басшылары өз салаларындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлесіп шешу жолдарын ұсынды. Әсіресе, «Кең дала» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын ерте кезеңде қаржыландыру, мақта шаруашылығына жеңілдетілген несие бөлу және өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвестициялар тарту мәселелері қаралды. Қазіргі таңда облыс тарапынан «Бәйтерек» холдингіне жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаның пулы ұсынылған. Оның ішінде 5 жоба мақұлданып, қалған 7 жоба (жалпы сомасы 172,9 млрд теңге) қаралу үстінде. Бұл бастамалар өңірдің өндірістік қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шекара маңындағы экономикалық белсенділікті күшейтуге ықпал етпек.