Түркістан облысының экономикалық дамуы қарқын алып, өндірістік әлеуеті айтарлықтай артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Сол бастамалардың жарқын нәтижесін көрсетіп отырған аудандардың бірі – Сауран. Биыл Сауран ауданында өндіріс саласы бұрын-соңды болмаған деңгейде жанданып, жалпы саны 124 өндірістік цехтың құрылысы басталды. Жыл соңына дейін оның 35-і толық аяқталып, іске қосылды. Бұл көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығы артқанын, жаңа жобаларға қажетті инфрақұрылым мен жағдайдың дұрыс жолға қойылғанын айқын дәлелдейді.
Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асуда. Бұл аумақтар инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, логистикалық мүмкіндіктері және жер телімдерінің қолжетімділігі арқылы инвесторлар үшін тиімді орта қалыптастырып отыр. Нәтижесінде ауданға келетін капитал көлемі ұлғайып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашылуда. Сонымен қатар, бұл ауылдарда өндіріс ошақтарының көбеюі жергілікті халықты жұмыспен қамту деңгейіне де оң ықпал етуде.
Жобалардың салалық құрылымы да ерекше назар аудартады. Ауданда құрылыс материалдарын өндіретін 36 цех, жиһаз жасайтын 35 цех, азық-түлік өнімдерін шығаратын 25 цех салынуда. Бұған қоса резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу, тігін өндірісі, электротехникалық тауарлар, ауыл шаруашылығы жабдықтары мен дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орындарының құрылысы жүріп жатыр. Осы сан түрлі бағыттардың дамуы өңір экономикасының әртараптандырылып жатқанын көрсетеді. Импортты алмастыруға, ішкі нарықты сапалы тауармен қамтамасыз етуге, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бұл жобалар Түркістан облысының өндірістік-индустриялық саясатының дұрыс жолға қойылғанын білдіреді.
Сауран ауданында өндіріс орындарының көбеюі – тек экономикалық өсімнің ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да маңызды көрсеткіші. Жаңа кәсіпорындар жүздеген адамды жұмысқа қабылдап, олардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік беруде. Инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар мен инфрақұрылымдық дайындығының жоғары деңгейі Сауранды облыстың инвестициялық орталығына айналдырып келеді. Алдағы уақытта да бұл аудан Түркістан облысының экономикалық картасында маңызды орын алатыны сөзсіз.
Жалпы, Сауран ауданындағы өндірістік жобалардың қарқынды дамуы өңірдің индустриалдық мүмкіндігін күшейтіп, облыс экономикасының өсуіне тың серпін беруде. Инвестиция тарту бағытындағы жүйелі саясаттың нәтижесінде Түркістан облысы алдағы жылдары да Қазақстанның ең қарқынды дамушы өңірлерінің бірі болып қала беретіні анық.
