ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Түркістан облысы – еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Соңғы жеті жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының маңызды тірегіне айналды. Егістік алқаптар кеңейіп, жаңа технологиялар енгізіліп, шаруашылықтар тиімді өндіріс моделіне көшуде.

Сол нәтижеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі соңғы жеті жылда екі есеге артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Бұл — өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Түркістан облысы бүгінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі бойынша республикада көш бастап тұр.

Мұндай жетістіктерге қол жеткізу — бір күннің емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында кешенді бағдарламалар іске асырылып келеді. Салаға бағытталған инвестиция көлемі жыл сайын артып, соңғы жеті жылда 700 млрд теңгеден астам қаржы тартылған. Бұл қаражат ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи техника мен жаңа технологияларды енгізуге, су үнемдеу жүйелерін дамытуға және қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосуға мүмкіндік берді.

Бүгінде Түркістан облысында егіс алқаптарының тиімділігі артып, өнім сапасы мен көлемі қатар өсуде. Субсидиялау және қолдау шаралары шаруаларға нақты көмек беріп, еңбек өнімділігін арттырды. Сонымен қатар, кооперация жүйесін дамыту арқылы ұсақ шаруашылықтардың бірігуі өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етті.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістер тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Бұл салада мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сапасы артты.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы бүгінде — ел экономикасының берік тірегі. Инвестицияның артуы, технологияның жаңаруы және еңбекқор шаруалардың қажырлы еңбегі нәтижесінде өңір аграрлық салада жаңа белеске көтерілді.

Алдағы уақытта облыста экспортқа бағытталған өнім көлемін арттыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жалғасын табады.

Түркістан – тек тарихи, рухани орталық емес, сонымен бірге агроөнеркәсіптің ірі орталығына айналып келеді.