ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА МЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ДАМЫТУҒА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН БЕРІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және инвестиция тарту арқылы халықтың өмір сүру сапасын көтеруге ерекше назар аударылуда.

Бүгінгі таңда облыс халқының 83%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтылған. Алайда, шамамен 351 мыңға жуық азамат (17%) сақтандыру жүйесіне қосылмаған. Олардың басым бөлігі – жұмыссыз және әлеуметтік осал топтағы тұрғындар. Осыған орай жергілікті бюджет есебінен бұл азаматтарды МӘМС-пен қамту жұмыстары қолға алынған. Бұл бастама – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және тұрғындарды медициналық қолдаумен толық қамтудың нақты тетігі.

Облыс бойынша 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Дегенмен, 253 бейінді дәрігер жетіспеушілігі әлі де өзекті мәселе болып тұр. Бұл бағытта Түркістан облысы әкімдігі кадр тапшылығын жою үшін нақты шаралар қабылдады: 2023 жылдан бастап өңір бюджетінен резидентураға гранттар бөлініп, медициналық жоғары оқу орындарында 176 жас маман оқуда. Ал 2024 жылы 75 грант бөлініп, толық игерілді.

Медицина саласына жас мамандарды тарту мақсатында ауылдық жерлерге жолдамамен барған дәрігерлерге 1–1,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және аса тапшы мамандықтар бойынша 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған. Бұл – медициналық кадрлардың өңірлерге тұрақтануына және ауылдық аймақтарда сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуына бағытталған маңызды әлеуметтік инвестиция.

Сонымен қатар, өңірде ірі медициналық нысандардың құрылысына шетелдік және отандық инвестициялар тартылуда.

  • Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана;
  • Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық;
  • Түркістан қаласында Абу-Даби қорының 19 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициясымен жаңа перзентхана құрылысы жүргізілуде.
    Бұдан бөлек, сенімгерлік басқару аясында Сауран ауданында 500 адамға арналған заманауи емхана салу жобасы іске қосылмақ.

Бұл жобалар тек әлеуметтік қажеттілікті өтеп қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, құрылыс және қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында әлеуметтік саланы жаңғырту және денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция тарту – экономикалық өсімнің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Әлеуметтік жобаларға бағытталған әрбір теңге – халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосады.

Түркістан облысы әкімдігі Президент тапсырмаларын орындауды басым бағыт ретінде қарастырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға инвестициялық серпін беріп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі және нәтижелі жұмыстар өз жемісін беріп, облыс халқының өмір сапасы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына нақты әсер етуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *