Түркістан облысында елдімекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындар өмірінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Соның бір көрінісі ретінде Түлкібас ауданында биыл 28 көшеге жарық шамдары орнатылып, тұрғындар игілігіне берілді. Жоба аясында аудан бойынша тұрғындардың өтініші ескеріліп, қауіпсіздік пен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жарықтандыру жүйелері кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда Түлкібас ауданындағы 464 ішкі көшенің 309-ы жарықтандырылған, бұл аудан әкімдігінің жүйелі және мақсатты жұмысының нәтижесі болып отыр.
Жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен үш көшеге толық жарықтандыру орнатылды, Түлкібас кентіндегі Б.Момышұлы көшесі, Машат ауылдық округінің Келтемашат ауылындағы Уалиханов көшесі, Алғабас ауылындағы Абралиев көшесі. Ал жыл соңына дейін тағы үш көшені жарықтандыру жоспарланған. Олар — Састөбе кентіндегі Айдарбеков көшесі, Шұқырбұлақ ауылындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы, және Машат елдімекеніндегі Баймахан көшесі. Қазіргі таңда бұл бағыттарда құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар, аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдіктерінің бастамасымен жергілікті бюджет пен демеушілердің қолдауымен 11 елдімекеннің 25 көшесіне жарық шамдары орнатылды. Атап айтқанда, Майлыкент, Мичурин, Келтемашат, Кершетас, Тастұмсық, Ақбиік және Састөбе кенттері мен Түлкібас кентіндегі бірнеше көшелер жарықтандырылып, ауылдардың түнгі бейнесі жаңарып келеді. Бұл жұмыстардың басым бөлігі мектептер мен балалар жиі жүретін аймақтарда, қоғамдық орындар мен негізгі көшелер бойында жүргізілген. Нәтижесінде, тұрғындардың, әсіресе балалардың кешкі және таңғы уақыттардағы қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Көшелерді жарықтандыру тек жайлылық үшін емес, ең алдымен қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Заманауи жарықтандыру жүйелері жол-көлік оқиғаларын азайтып, тұрғындардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауылдық жерлерде инвестициялық және туристік тартымдылықты арттырады. Түлкібас ауданындағы бұл бастама Түркістан облысының инфрақұрылымды кешенді дамыту стратегиясымен үндес келеді. Ауылдардағы жарықтандыру жүйесін жетілдіру — өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды бағыты. Жалпы, Түлкібас ауданында атқарылып жатқан жарықтандыру, жол жөндеу және өндірістік аймақтар құру сынды жобалар — Түркістан облысының тұрақты экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, әрі ауылдық аймақтардың өмір сапасын көтеруге бағытталған кешенді шаралар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің әрбір елдімекенінде жарық шамы жанған, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.
