ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІТ-ИННОВАЦИЯЛАР МЕН КАДР ДАЯРЛАУ ЖҮЙЕСІ КЕҢЕЙЕДІ

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және адами капиталды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемдік деңгейдегі технологиялық компания – «Hikvision Kazakhstan» өкілдерін қабылдап, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында өңір басшысы цифрлық экономиканы дамыту – облыстың ұзақмерзімді экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы елімізде ІТ-индустрияны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

– Цифрландыру мен жасанды интеллект – тек технологиялық жаңғыру ғана емес, экономиканың өнімділігін арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және жастардың әлеуетін іске асыратын маңызды фактор. Түркістан облысында бұл бағытта нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Түркістан қаласында цифрландыру және жасанды интеллект бағдарламалары бойынша білім беретін Қазақ-Корей бірлескен Woosong Kazakhstan University оқу орнының ашылуы – соның айқын дәлелі. Біз «Hikvision» компаниясын технологиялық алпауыт қана емес, өңірде инновациялық экожүйе қалыптастыратын стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында «Hikvision» компаниясының жобалық бағытының директоры Ақан Құлжан компанияның қызмет бағыттарына тоқталып, Түркістан облысында іске асырылуы жоспарланған жобалармен таныстырды. Атап айтқанда, компания Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды көздеп отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – бейнебақылау технологиялары, қауіпсіздік жүйелері және интеллектуалды шешімдер саласында білікті ІТ-мамандарды даярлау. Оқу орталығы аясында университет заманауи жабдықтармен, демонстрациялық стендтермен және әдістемелік базамен толық қамтамасыз етіліп, студенттердің тәжірибелік білім алуына кең мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында үздік студенттер іріктеліп, оқуын аяқтаған түлектерді компанияның серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл бастама өңірдегі жастарды тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығына сұранысқа ие кадрлар даярлау және жоғары технологиялы өндірістерге мамандар тарту мәселелерін шешуге бағытталған.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен «Хиквижн Қазақстан» компаниясы арасында бірлескен жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Аталған құжат тараптардың өзара ынтымақтастығын нығайтып, ІТ-саласында ортақ жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға жол ашады.

Айта кетейік, Hangzhou Hikvision Digital Technology Co., Ltd. – бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания өнімдері 155-тен астам елге жеткізіліп, 2 400-ден аса серіктестер мен интеграторларды қамтитын ауқымды халықаралық желі арқылы таратылады. Бейнебақылаумен қатар, Hikvision «ақылды үй», деректерді сақтау және өңдеу, интеллектуалды бейнеталдау, бет-әлпетті тану, сондай-ақ «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында көлік ағындарын автоматтандырылған басқару бағыттарында озық шешімдер әзірлейді.