ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІРІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласы соңғы жылдары тұрақты даму мен жаңашылдыққа бет бұрып отыр. Облыста ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Келес ауданында жүзеге асатын жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі мал шаруашылығы кешені. Жоба аясында 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, жоғары технологиялық мал сою бекеті, сондай-ақ ет өнімдерін терең өңдеу кешені бой көтермек.

Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің ауыл шаруашылығы секторын ғана емес, толық агроөнеркәсіптік тізбекті дамытуды қамтамасыз етеді. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен Түркиялық инвесторлар арасындағы кездесуде тараптар жобаның әлеуетін, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін, логистика мен кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылады.
📌 «Біздің басты мақсатымыз – шетелдік инвесторлармен тиімді әріптестік орнату арқылы ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру. Осындай ірі жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Біз жобаға толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді аудан басшысы.

Қазіргі таңда Бозай ауылдық округінде жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал және 9 200 уақ мал ұстап отыр, оның ішінде 1 500 басы асыл тұқымды «қалмақ сиыры». Инвесторлар жобаны іске қосу үшін қажетті жер телімдерін рәсімдеуді және инфрақұрылымды жақсартуды талап етсе, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Жоба іске асқан жағдайда жүздеген тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі ет өнімдерін қайта өңдеу мен экспорт көлемі артады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану арқылы өнім сапасы жақсарып, өңірлік өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Бұл бастама аудан экономикасының әртараптануына, ІЖӨ өсіміне және жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тікелей ықпал етеді.

Түркістан облысы бүгінгі таңда шетелдік капиталды тартуда белсенді жұмыс жүргізіп, агросектордағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша өңірлік көшбасшылардың біріне айналып отыр. Ірі мал шаруашылығы кластерінің құрылысы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың үлгісі ретінде көрнекті инвестициялық жобалар қатарын толықтырары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *