ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ МЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА БАСТЫ НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

Түркістан облысында экономикалық белсенділікті арттыру және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтерудің басты тетігі ретінде еңбек нарығын тұрақтандыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Облыс әкімдігі 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» жобасын бекітті. Бұл құжат аясында 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Көрсеткіш республика бойынша ең жоғары межеге ие болып отыр. Жоба облыстың экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, халықтың табысын арттыруға да мүмкіндік береді.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында жұмыспен қамту саясаты мен еңбек нарығын жетілдіру мәселелері талқыланды.

– Экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші – еңбек. Әр аудан мен қала тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, инвестициялық жобалар арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға күш салуы қажет. Бұл – әлеуметтік әл-ауқатты арттырудың ең тиімді әрі ұзақ мерзімді жолы, – деді облыс әкімі.

Жыл басынан бері облыста 100 807 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 59 925-і тұрақты жұмысқа, 40 882-сі уақытша қызметке орналасты. Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 27 617 адам еңбекке тартылды. Ұлттық жобалар аясында 3 156 азамат, ал субсидияланатын жұмыс орындарында 39 720 тұрғын еңбек етуде.

Сонымен қатар, 1 788 азамат өз кәсібін бастау үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, шағын және орта бизнесті дамытуға кірісті. Бұл қадам өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетінің артқанын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысы экономикалық және әлеуметтік дамуды ұштастыра отырып, өңірлік теңгерімді қамтамасыз етуге ұмтылуда. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын ашу – облыстың экономикалық серпінін қамтамасыз ететін негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен еңбек нарығының тұрақтануы – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы зор бағыт. Себебі бұл тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік әділдік пен тұрақтылықты күшейтеді.