Түркістан облысында Шардара су қоймасындағы оқшауланған су массаларын негізгі су айдынына бағыттау мақсатында байланыстырушы каналдар салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар өңірдегі су тапшылығының алдын алып, ирригациялық жүйелердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шардара ауданында болып, су шаруашылығы нысандарындағы құрылыс және реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Бұған дейін жүргізілген батиметриялық зерттеу нәтижесінде жалпы сыйымдылығы 107 миллион текше метр болатын 10 оқшауланған тоған анықталған. Оның алтауы Арнасай бөгетінің маңында орналасып, 57 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Ал Машканал мен «Шымкент–Жетісай» тас жолының арасындағы төрт тоғанның жиынтық сыйымдылығы шамамен 50 миллион текше метрді құрайды. Осы тоғандардағы суды негізгі арнаға бағыттау үшін 32,6 шақырым байланыстырушы канал салынуда. Бұл каналдар арқылы су Сырдария өзеніне, одан әрі Шардара су қоймасына бағытталып, су ресурстарының айналымын қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, Арнасай бөгетінің маңындағы «Шардара–Жетісай» автожолы бойында орналасқан сыйымдылығы 67 миллион текше метр болатын тоғаннан су өткізуге арналған құрылыс-монтаж жұмыстары да жоспарланған. Бұдан бөлек, Шардара ауданында «Қызылқұм-1» ирригация-дренаж жүйесін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында жүзеге асып жатқан ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында іске асырылуда. Қазіргі таңда «Қызылқұм-1» жүйесінде, 180,02 км канал, 763 гидротехникалық құрылысжай, 233,4 км коллектор және 2,2 км қызмет көрсету жолдары толықтай реконструкциядан өтті. Сонымен қатар ұзындығы 7,94 км болатын 6R-1-4-2 каналы темірбетонмен қапталды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 12 532 гектар ауыл шаруашылығы алқаптары сапалы суармалы сумен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде 6 444 гектары – Алатау ауылдық округінде, ал 6 088 гектары – Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан. Министр Нұржан Нұржігітов су шаруашылығындағы бұл жұмыстардың маңыздылығына тоқтала келе, келесі жылға дайындықтың сапалы жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Бұл бастама Түркістан облысындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығын дамытуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға елеулі үлес қоспақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
