Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің инвестициялық және туристік орталығы ретінде айқын беделге ие болуда. Өңірдің тарихи мұралар мен табиғи аймақтарға бай әлеуеті енді нақты экономикалық көрсеткіштермен дәлелденіп келеді. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артқан. Туристерге көрсетілген қызмет көлемі де 3,98 млрд теңгені құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға жоғары көрсеткіш.Табиғи аймақтар мен тарихи орындарға барушылардың саны да айтарлықтай артқан: биылдың 10 айында 142,7 мың адам табиғи аумақтарға, ал 911,2 мың адам тарихи нысандарға саяхат жасаған. Бұл деректер облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде жарияланды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 57,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға көп. Мұндай өсім — Түркістан облысының туризмді стратегиялық даму саласы ретінде қарастырып отырғанының айғағы. Инвестициялардың негізгі бөлігі қонақ үй және демалыс нысандарының құрылысына, инфрақұрылымды жақсартуға және сервистік қызметті жетілдіруге бағытталған. Биыл ішкі туристер санын 350 мың адамға, ал шетелдік туристер санын 18 мың адамға жеткізу межеленген еді. Алайда қазіргі көрсеткіш бұл жоспардың орындалып қана қоймай, асыра орындалғанын көрсетеді:
– Ішкі туристер саны – 273,7 мың адам,
– Шетелдік туристер саны – 19,1 мың адам,
– Ал E-qonaq жүйесінде тіркелген шетелдік келушілер саны – 43 802 адам. Өңірге келуші шетелдік туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Қытай, Ресей және Қырғызстан елдерінен. Бұл Түркістанның халықаралық туризм картасындағы орны нығайып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы Түркістан облысы туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді басты бағыттардың бірі ретінде айқындады. Жыл басынан бері Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия және Қытай елдерінің 113 жетекші туркомпаниясына ақпараттық турлар ұйымдастырылған. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таныстырылды. Түркияның «Albayrak Media Group», «TRT», «TGRT» телеарналары, Ұлыбританияның «The Times», «The Telegraph», «Travel Weekly» басылымдары мен «EuroNews» интернет-порталы Түркістанның тарихи және мәдени нысандары туралы материалдар жариялады. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірге жаңа туристік ағын тартуға, инвестиция көздерін әртараптандыруға және Түркістанды халықаралық брендке айналдыруға мүмкіндік береді.
