Түркістан облысында туризм саласы аймақ экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Соңғы жылдары өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңір туризмі оң динамика көрсетіп, негізгі бағыттар бойынша айтарлықтай өсім байқалды.
Облыс әкімдігі тарапынан тарихи және киелі орындарды жүйелеу, туристік соқпақтарды көбейту, инфрақұрылымды жетілдіру және инвесторлармен серіктестікті кеңейту бағытында бірқатар кешенді шаралар іске асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірге келушілер саны артып, туристік қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді.
Жыл басынан бері орналастыру орындарында 151 мың турист демалып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал өңірдегі табиғи аумақтарға 123,2 мың адам саяхаттап, бұл да өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 29,5 пайыздық өсімді құрап отыр. Сонымен қатар тарихи және киелі орындарға келген саяхатшылар саны 736,3 мың адамға жетіп, 7 пайыздық өсім тіркелген.
Туризм инфрақұрылымын жақсарту, жаңа нысандар салу, заманауи сервис енгізу және туристер үшін қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. 2025 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша салаға 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,4 пайызға артық. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік тартымдылығының артып келе жатқанын дәлелдейді.
Бүгінде Түркістан облысы тарихи мұралары, табиғи ландшафттары және мәдени ескерткіштерімен еліміздегі басты туристік орталықтардың біріне айналды. Қазірдің өзінде облыс аумағында қонақүйлер, демалыс орындары мен сауықтыру кешендерінің саны артып келеді. Сондай-ақ «Түркістан – рухани астана» бренді аясында халықаралық деңгейдегі жобалар іске асырылуда.
Жалпы алғанда, өңір туризмін дамыту тек экономикалық өсім көзі ғана емес, сонымен қатар мәдени және рухани мұраны сақтап, ұрпаққа насихаттаудың маңызды тетігі болып отыр. Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті өркендетуге және шетелдік инвестиция ағынын көбейтуге мүмкіндік бермек.
Түркістан облысы алдағы жылдары Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналуды мақсат тұтып отыр.
