Түркістан облысында алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру жоспары аясында өңірге шамамен 90 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат суармалы су беру қызметтерін инвестициялық субсидиялауға және заманауи суару жүйелерін орнатуға жұмсалмақ.
Айта кетейік, былтыр министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылым жүргізу шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырған болатын. Сондай-ақ, суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді: егер шаруашылықтарда су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85%-ға дейін көтеріледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атап өткендей, биылғы аптап ыстық пен жауын-шашын тапшылығы оңтүстіктегі су жағдайын күрделендіргенімен, дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік туды.
«Біз суармалы жерлерді толық сумен қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдадық. Арнайы жұмыс топтары құрылып, су шаруашылығына тұрақты мониторинг жүргізілді, су әділ бөлінді, заңсыз су алуға жол берілмеді. Алдағы уақытта мұндай қиындықтардың алдын алу үшін су үнемдеу технологияларына белсенді түрде көшуіміз қажет», – деді министр.
Түркістан облысында су тапшылығын шешу бағытында нақты жобалар жүзеге асуда.
🔹 Сауран ауданында егістік алқаптарын қосымша сумен қамтамасыз ету үшін 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілді.
🔹 Ордабасы ауданында 17 ұңғыма жөндеуден өткізілді.
🔹 «Достық» мемлекетаралық каналының төменгі ағысында су жеткізуді жақсарту мақсатында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда өңірде егістік алқаптарын суаруға 3,3 млрд текше метр су алынған. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы 297 мың гектар жерді суаруға 9 724 келісімшарт жасаған. Оның ішінде 133,7 мың гектар – мақта алқаптары.
Мақта егістіктерін суару толық аяқталды, ал күріш алқаптарын суару қыркүйек айының ортасына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Түркістан өңірінде атқарылып жатқан бұл жұмыстар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Су үнемдеу технологияларын енгізу – экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі болмақ.
