Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Өткен жылы республикалық мониторинг нәтижесінде облыс қалаларының ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 100%-ға жеткені анықталды. Бұл – аймақ инфрақұрылымының дамуы мен әлеуметтік қызмет көрсету сапасының айқын көрсеткіші. Биыл бюджет есебінен 66 нысанның құрылысы қаржыландырылып, оның ішінде 38 су құбыры пайдалануға берілді. Қалған 28 нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша арнайы индикаторларға енгізілген 30 елді мекенде су құбырлары жаңартылып, тозығы жеткен желілер қайта жөндеуден өтеді. Бұл бағытта арнайы мониторингтік топ құрылып, инфрақұрылымды зерттеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі кезде облыстағы елді мекендердің 98,1%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Әсіресе Арыс, Шардара, Леңгір және Сарыағаш қалаларында жүйелік мәселелер анықталып, оларды шешуге бағытталған нақты іс-шаралар қолға алынды. Арыс қаласында 9 825 абонентке сапалы су беріледі. Мұнда суды тұндыру, хлорлау және залалсыздандыру процестері жүргізіліп, санитарлық талаптар толық сақталады. Шардара ауданында 6 520 абонентке сапалы су жеткізіледі, ал «Шардара топтық су құбырын салу» жобасы жүзеге асып, келесі жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Леңгір қаласында «Көктерек» ашық су көзін жөндеу және қосымша 4 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Абонент саны 7 477 адамды құрайды. Сарыағаш қаласында 10 242 абонент бар, оларға су «Сарыағаш» топтасқан су жүйесі арқылы тәулік бойы жеткізіледі. Қазіргі таңда 1-ші кезекті Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Су тазарту станциясының 2-ші кезеңі бойынша жобалар мемлекеттік сараптама қарауына ұсынылды.
Облыс аумағында 17 су беруші мекеме қызмет көрсетеді. Барлау нәтижелері бойынша 756 елді мекен анықталып, оның ішінде 165 елді мекен жер үсті суларымен, 591 елді мекен жер асты су көздерімен қамтылған. 548 елді мекен тәулік бойы, ал 192 елді мекенге су кестемен беріледі. 16 ауылда уақытша су жүйесі тоқтаған. Кестемен ауыз су берілетін жерлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тек әлеуметтік маңызды мәселе емес, облыстың экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді. Инвестициялар тартылып, жаңа нысандар құрылып, мердігерлік ұйымдардың жұмысы тұрақты бақылауға алынуда. Бұл шаралар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті инфрақұрылым саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңір экономикасына серпін беруге мүмкіндік туғызады.
Бүгінде арнайы штаб отырыстары тұрақты өткізіліп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысының ауыз су жобалары – тұрақты экономикалық даму, инвестициялық тарту және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадам болып отыр.
