Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын қатар дамытып келе жатқан еліміздегі әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аймақта агроөнеркәсіп кешенін терең өңдеу ісіне ерекше назар аударылып, жаңа өндірістік нысандар бой көтеруде. Соның жарқын мысалы – «Түркістан Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған ірі мақта-мата кластері.
Жалпы құны 86,5 млрд теңге болатын бұл жоба еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Кешен толық циклді қамтиды: элиталық сұрыпты мақта тұқымын өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнімді ішкі нарық пен экспортқа шығару – барлығы бір жүйеде жүзеге асырылады. Бұл өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегін қалыптастырып, жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның стратегиялық маңызына тоқталып:
📌 «Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы – еліміздегі мақта егетін жалғыз өңір. Сондықтан тоқыма кластері осы саланың болашағын айқындайтын маңызды тетік болмақ. Бұл жобаны біз ерекше бақылауда ұстаймыз», – деді.
«Turkistan Textile» жобасы іске қосылған жағдайда өңірдің ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласын өзара ұштастырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруына, өңірлік ішкі өнімнің (ӨӨӨ) артуына, салық түсімдерінің көбеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.
Қазіргі уақытта өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезең өндірісі биыл іске қосылады, ал қалған желілер келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Ауқымды жобаны Қытайдың “Lihua Group” компаниясы қаржыландырып отыр. Бұл халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісінде тәжірибесі мол инвестор. Жобаның жүзеге асуы Түркістан облысын елдің тоқыма өнеркәсібінің орталығына айналдырып, экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
