Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл – еңбек нарығындағы тұрақтылықтың сақталып отырғанын көрсететін маңызды индикатор.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы аясында орташа айлық жалақы 288,6 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артты. Бұл – тұрғындардың табысы мен сатып алу қабілетінің өсуіне оң әсер ететін фактор.
Өткен жылы өңірде ауқымды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылды. 130 769 адамды еңбекпен қамту бағдарламаларына тарту жоспарланып, нақты тетіктер іске қосылды.
Жоспар аясында, 45 086 адам субсидияланатын жұмыс орындарына, 57 221 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылуы көзделді.
Сонымен қатар «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бағдарламасы аясында 22 595 адамды жұмыспен қамту межеленді. Бағдарлама кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, 1 793 азаматқа грант беріліп, жеке кәсібін бастауға қолдау көрсетілді, 4 074 адам электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастырылды.
Жыл қорытындысымен 147 719 адам жұмыспен қамтылып, жоспарланған межелер артығымен орындалды. Оның ішінде 48 032 азамат мемлекеттік жұмыспен қамту шараларына қатысса, 99 687 адам жаңадан ашылған жұмыс орындарына орналасқан.
Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының серпінді дамуы мен еңбек нарығындағы белсенді саясаттың тиімділігін айқындайды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қорғау мақсатында 2026 жылдың 1 қаңтарына 10 мың отбасыға, яғни 62,2 мың адамға жалпы сомасы 6 062,4 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 34,4 пайызға төмендеген. Бұл – халық табысының артқанын және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің жақсарғанын білдіреді.
Ауылдық аумақтарды дамыту – басым бағыт
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша облыс халқының саны 2 148,6 мың адамды құрады. Оның ішінде:
қала халқы – 545,3 мың адам (25,4%),
ауыл халқы – 1 603,4 мың адам (74,6%).
Халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, өңірде ауыл инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті қолдауға ерекше басымдық берілуде.

