Түркістан облысында республикалық жолдардағы сервистік инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен Түркістан–Шымкент және Шымкент–Сарығаш бағыттарында орналасқан жол бойындағы сервистік нысандарды жаңғырту шаралары жүйелі түрде қолға алынды. Бұл жұмыстар арнайы құрылған Жұмыс тобының тұрақты бақылауында жүргізілуде.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына қарасты нысандар заманауи талаптарға сай жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артты. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерге тиесілі сервистік нысандар да жаңғыртудан өткізілуде, олардың инфрақұрылымы стандарттарға сәйкес келтіріліп, сапалы қызмет көрсететін деңгейге жеткізілуде.
Қазіргі таңда 15 нысан толық заманауи форматқа сәйкестендіріліп, пайдалануға берілген. Ал 70 нысанда жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жаңартылған сервистік нысандар жол бойындағы сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, жол бойы инфрақұрылымын біріздендіру арқылы аймақтың туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Бұл шаралар Түркістан облысында автокөлік жолдарының қауіпсіздігін арттырумен қатар, жол бойындағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын қолдауға бағытталған. Заманауи сервистік нысандардың пайда болуы жол қозғалысын ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді, сонымен бірге өңірге келетін туристер мен кәсіпкерлердің жайлы жағдайын қамтамасыз етеді.
Түркістан облысында жол бойы сервистік нысандарды жаңғырту жұмыстары аймақтың дамуына серпін беріп, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, өңірдегі жол инфрақұрылымы стандарттарға сәйкес заманауи деңгейге жетіп, жол бойындағы қызмет көрсету сапасы едәуір артатын болады.
