Түркістан облысында жер қатынастарын реттеу және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты серпін беріп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, облыста 219,7 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл ауыл тұрғындарының мал жаюға арналған жерге қолжетімділігін арттырып, аграрлық сектордың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Облыстың жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 млн 527,3 мың гектар. Мұндай ауқымды жер ресурсы өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Министрлік тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылы Түркістан облысында 110 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару көзделген болатын. Нәтижесінде облыстың Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 129,6 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 117,8 пайызға орындалды. Бұл жерді тиімді басқару бағытындағы жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Аталған мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы жайылым мәселесі ауыл халқының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл әкімдерінің форумында ауылдың жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Соның ішінде жайылым мәселесін шешу – аса маңызды. Мақсат – жерді жай ғана қайтару емес, оны халық игілігіне тиімді пайдалану. Елді мекендер айналасындағы қоғамдық жайылымдардың жағдайын толық зерделеп, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша нақты шаралар қабылдау қажет, – деді облыс әкімі.
Аппарат мәжілісінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген қоғамдық жайылым жерлерін қайтару жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, арнайы құрылған жұмысшы топтың зерделеуі нәтижесінде облыс бойынша 3960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жерінде мал басының тіркелмегені анықталған. Соның негізінде аудан, қала әкімдіктері бойынша 224,1 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітіліп, нақты 219,7 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жоспардың 98 пайызға орындалғанын көрсетеді.
Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жер учаскесі бойынша құжаттар ұсынылып, 93,3 мың гектар жерді пайдаланушыларға нұсқамалар берілді. Сонымен қатар 2316 жер пайдаланушының 465,2 мың гектар жерді мақсатына сай пайдаланбағаны анықталып, тиісті хабарламалар мен ескертулер жолданды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық жайылым тапшылығы да біртіндеп азайып келеді. 2024 жылдың басында жайылым тапшылығы 608 мың гектарды құраса, 2025 жылға бұл көрсеткіш 539,8 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі реформалардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Экономикалық дамудың маңызды тетігі ретінде ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу жұмыстары да жалғасуда. Биыл 144,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін айналымға қосу жоспарланып, қазіргі таңда 12 конкурс арқылы 109,9 мың гектар жер қайта игеріле бастады. Оның ішінде 4,8 мың гектар егістік, 104,5 мың гектар жайылым жер бар. Ал 2026 жылға 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған.
