Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды тиімді іске асыру мәселелеріне арналған инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан мен қала әкімдері, сондай-ақ бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Күн тәртібінде өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері, инфрақұрылыммен қамту, сондай-ақ биыл іске асатын жаңа бастамалар мен 2025 жылы өтетін халықаралық форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері қаралды.
Жиын барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асуы үшін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Бұл экономиканы дамытумен қатар, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Әрбір инвестициялық жобаның табысты жүзеге асуы үшін жан-жақты қолдау көрсету қажет. Өңірімізде жұмыс істеуге ниетті әрбір инвестормен ашық әрі тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Штаб отырысы барысында жоба бастамашылары өз жобаларын таныстырып, іске асыру барысында туындаған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында «Корпорация Ernur» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 7,6 млрд теңге, іске қосу мерзімі – биыл. Қажетті жабдықтар Түркия мен Германия елдерінен жеткізілген. Қазіргі таңда 23,8 гектар аумақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға қажетті инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тартылмақ.
Сайрам ауданында «Kuzov Karabulak» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысын 95 пайызға аяқтаған. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Сонымен қатар ауданда «Meat Magnat» АӨК ет комбинаты, «Nurym Group» ЖШС етті терең өңдеу зауыты, «Red Gold» ЖШС Аустралия әдісімен мал базары, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС өндірістік жылыжай кешені және «Zaman milk products» ЖШС сүт өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы жүргізілуде.
Арыс қаласында «Turkistan Agro.kz» ЖШС 1830 гектар аумақта жаңбырлатып суғару әдісімен жем-шөп дақылдарын өсіруді қолға алған. Ал Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС ірі қара мал сүйегінен май мен желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысын бастап отыр.
Сауран ауданында «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытын іске қосу үшін электр энергиясымен қамту мәселесін көтерді. Сонымен қатар «Мырзахан» шаруа қожалығы ет комбинаты, құрама жем өндіру, тері өңдеу цехтары мен бордақылау алаңы құрылысына 5 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға өтінім берген. Қаржыландыру мәселесі тиісті қаржы институттарымен пысықталуда.
Жиында сондай-ақ 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде іске асатын жобалар туралы есептер тыңдалды. Нәтижесінде Түркістан қаласында – 5 жоба, Отырар және Ордабасы аудандарында екі-екіден жоба іске асырылмақ.

