Шағын және орта бизнес – ел экономикасының жүрегі, жаңа жұмыс орындарының көзі және өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Түркістан облысы соңғы жылдары кәсіпкерлікке кең мүмкіндік ұсынып, бизнеске қолайлы экожүйе қалыптастыруда көш басында тұр.
Бүгінгі таңда өңірде 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – аймақ халқының белсенділігі мен кәсіпкерлік рухының айқын дәлелі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа жобаларды іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімдігі бизнес климатты жақсарту мақсатында инфрақұрылымдық және салықтық жеңілдіктер ұсынып, кәсіп иелеріне қолайлы жағдай жасап отыр. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде өңірде 11 жаңа индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 20-ға жетті. Бұл аймақтарда өндіріс орындарын ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға барлық мүмкіндік бар.
Аймақтық экономиканың тағы бір маңызды тетігі – «Тұран» арнайы экономикалық аймағы. Аумағы 1214 гектарды қамтитын бұл аймақта жұмыс істейтін кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салықтарынан босатылады. Мұндай жеңілдіктер инвесторлар үшін үлкен ынталандыру болып отыр.
Сонымен қатар, өңірде Өндірістік парк жобасы табысты жүзеге асуда. Оның 1-кезеңі сәтті аяқталып, 30,7 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды. Ал 2 және 3 кезеңдері бойынша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 70 млрд теңге көлемінде инвестициялық жобаларды орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар тек экономикалық өсім ғана емес, жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болмақ.
Бұдан бөлек, Сауран ауданында 71 гектар жерде жеке кәсіпкерлердің бастамасымен 148 өндірістік ғимарат салынып жатыр. Бұл – кәсіпкерлердің өз қаржысына жүзеге асып жатқан ірі бастама. Қазір осы тәжірибе барлық аудан мен қалаға үлгі ретінде енгізіліп, шағын өндірістік парктер құру жұмыстары қарқын алған.
Түркістан облысының бизнеске бағытталған осындай кешенді бастамалары өңір экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Кәсіпкерлікке көрсетіліп отырған қолдау – жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға және экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
