Түркістан облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Соның айқын дәлелі – Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені.
Жобаның жалпы құны 250 миллион теңге, ал жылыжай кешені 7,5 гектар аумаққа салынуда. Қазіргі таңда 0,18 гектар жерге қияр дақылы отырғызылып, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті. Кешенде алдағы уақытта қызанақ пен қияр өсіріліп, өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтіледі. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
📌 Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті:
– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты бағыт. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді ол.
Жоба аясында 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдау алып, олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзі мен тұрақты жұмыс орындарын ашуға жол ашты.
Бүгінде 42 учаскеге бөлінген жылыжай жобасының 17-сінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған, оның ішінде 3 учаске толық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, іске қосуға дайын тұр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бұл жоба – ауыл халқының әлеуетін арттырудың нақты мысалы. Мұндай бастамалар ауылдық аймақтарды экономикалық тұрғыдан нығайтып, тұрғындарды өз кәсібін дамытуға ынталандырады.
Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жаңғырту арқылы ел экономикасының маңызды тірегіне айналып келеді.
