ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келіп, өңірдегі агроөнеркәсіптік жобалардың іске асу барысын бақылап, тәжірибемен танысты. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарындағы өндірістік нысандарға арнайы барды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

Сенаторлар алдымен Келес ауданында орналасқан «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы 27 мың тонна көкөністі құрайды. Биыл оның 21 гектары іске қосылмақ, бұл шара облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жылыжайда 800 жаңа жұмыс орны құрылып, қызметкерлерге кәсіби оқыту мен тағылымдамадан өту жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Сонымен қатар, алдағы кезеңде ірі және ұсақ жемісті қызанақ сорттарын қатар өсіру жоспарланып, өндірістік қуаттылық пен өнім сапасын арттыруға баса назар аударылуда. Бұл жоба облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызды үлгісі ретінде қарастырылып, заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар аясында комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС-ның жұмысымен танысып, жобаның іске асу барысын бағалады. Бұл кешен жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге арналған және 2026 жылы толық іске қосылуы жоспарланған. Жоба аясында 550 жаңа жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдерін өндіру жүзеге асады. «Казкрахмал» кешені ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлес қосады. Қазіргі таңда зауытта жүгеріні қабылдау, кептіру кешенін іске қосу және жүгері дәнін сақтау қоймаларын салу жұмыстары аяқталған. Жоба жүзеге асқан соң облыстың агроөнеркәсіптік секторындағы өндірістік қуаттылық айтарлықтай артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі мен экспорттық әлеуеті ұлғаяды.

Түркістан облысы агроөнеркәсіп саласында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалардың арқасында өңірдің экономикалық даму қарқыны артып, еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсартылуда. Жобалар заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіру мен терең өңдеуді қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Келес және Шардара аудандарында орындалған бұл жобалар облыстың тұрақты дамуы мен агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам болып табылады.