ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА ҚАДАМДАР

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, егіс алқаптарын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы кездері ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асу процесін талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Вице-премьер жауапты министрлер мен облыс әкімдігіне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

– Су тапшылығы қазіргі таңда халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей әсер етуде. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымдарын әртараптандыру, құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы өнімділікті арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Су ресурстарын заңсыз пайдалану, оның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының қатысуымен шаралар қабылдануы тиіс, – деді Қанат Бозымбаев.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу және су нысандарын реттеу.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асу көрсеткіштері мен су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижелерін баяндады. Биыл су үнемдеу технологиялары 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару әдістері қолданылды. Бұл жоспар 2 есеге артық орындалды. Қазіргі таңда өңірде жалпы 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген, үнемделген су көлемі – 195 млн м³. Алдағы жылдары жыл сайын 50 мың гектарға технология қосу арқылы 2030 жылға дейін 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн текше метр су үнемдеу жоспарланған.

Су үнемдеу технологияларын дамыту мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылып, 2026 жылы қосымша 2 кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланған. Мақта мен күріш өсіруде қолданылған жаңа су үнемдеу технологиялары арқасында қосымша өнім алынғаны атап өтілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023–2025 жылдары республикалық бюджеттен Түркістан облысына жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. 2023 жылы 19,8 млрд теңге, 2024 жылы 3 млрд теңге, ал 2025 жылы 7,4 млрд теңге қаралған. Осы қаржыландыру арқылы 6 бағыт бойынша 3 790 жоба жүзеге асырылып, 25,6 млрд теңге несие берілді. Бағдарлама нәтижесінде шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке ұлғайып, 23,2 гектарға 477 жылыжай кешені салынды, мал басы 72 982-ге артты, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды, 4 174 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, АЕК алушылар саны 441 адамға қысқарған.

Мәжілісте қатысушылар облыстың агроөнеркәсіптік секторын дамыту, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, егіс құрылымдарын әртараптандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында нақты ұсыныстар мен тапсырмалар бекітіп, жауаптыларға міндеттер жүктеді.