Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар бизнеске қолдау көрсету тетіктерін кеңейту, қаржыландыру жүйесін оңтайландыру және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістанның тек рухани орталық қана емес, инвестиция мен кәсіпкерлік үшін де тартымды өңірге айналуы тиіс екенін атап өтті.
– «Біздің міндетіміз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін сенімді әрі ыңғайлы ортаға айналдыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикалық дамудың тірегі – шағын және орта бизнес. Осы бағытта «Даму» қоры маңызды рөл атқарып келеді. Біз өзара әріптестікті күшейтіп, нақты нәтижелерге бағытталған жобаларды іске асыруға ниеттіміз», – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өңірді республика көлемінде алғашқы үштік қатарына енгізеді. Тек өткен жылының өзінде кәсіпкерлерге 699 жоба бойынша 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие беріліп, 701 жоба 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдендірілді.
2025 жылдың алғашқы жеті айында ғана 181 жобаға 22,8 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге, республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі қаралу үстінде.
Кездесуде сондай-ақ биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі кеңінен талқыланды. Бұл бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиелерге қол жеткізе алады.
Жалпы, бағдарламаға 750 млрд теңге қарастырылған, оның 300 млрд теңгесі – мемлекеттік, ал 450 млрд теңгесі – екінші деңгейлі банктердің қаражаты есебінен бөлінбек. Түркістан облысы бойынша бүгінде 14 жоба 8,5 млрд теңгеге мақұлданды.
Кәсіпкерлік саласын дамытудағы мұндай жүйелі тәсіл Түркістан өңірін бизнесті жүргізуге ең қолайлы аймақтардың біріне айналдырып отыр. Алдағы уақытта облыста шағын өндірістік парктер, жаңа инвестициялық алаңдар мен экспортқа бағытталған жобалар іске қосылмақ.
