Түркістан облысында жүк тасымалы саласында жаңа технологиялар енгізіліп, көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімге тың серпін бермек. Атап айтқанда, облыс аумағында ауыр салмақты жүк көліктеріне арналған 7 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АӨС) орнату жобасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда екі станция толық жұмыс істеп тұр, ал жыл соңына дейін тағы екі нысан іске қосылады деп жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.
– «Ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан бүгінге дейін 1 045 құқықбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 524 млн теңге айыппұл салынды. Оның 125 млн теңгеден астамы өндірілді. Бұл шаралар көлік тасымалы саласындағы тәртіпті нығайтып қана қоймай, жолдардың сапасын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ең бастысы – өңірдің көлік инфрақұрылымына инвестиция салу үшін қолайлы орта қалыптастырады», – деді басқарма басшысы. Түркістан облысы үшін жол сапасын сақтау – экономикалық тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Себебі өңірде логистикалық және сауда қатынастары белсенді дамып келеді, ал көлік дәліздерінің тиімді жұмысы инвесторлар үшін шешуші факторлардың бірі саналады. Бүгінде Арыс қаласына қарасты КХ-8 және КХ-92 автомобиль жолдарына орнатылған өлшеу станциялары тәулік бойы автоматты режимде бақылау жүргізіп отыр. Бұл – адам факторын азайтып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін заманауи цифрлық жүйе.
«Түркістан бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, жүйе көліктердің салмағын нақты өлшеп, талапқа сай болмаған жағдайда айыппұлды автоматты түрде есептейді. – «Мысалы, 1 осьтік жүк көлігіне – 10 тонна, 2 осьтікке – 18 тонна, 3 осьтікке – 20 тонна, ал тіркемесі бар көліктерге 50 тоннаға дейін жүк артылуы тиіс. Осы талаптардың сақталуы жолдың ұзақ мерзімге жарамды болуын қамтамасыз етеді», – деді ол.
Мамандардың пікірінше, жаңа өлшеу станциялары тек көлік қозғалысын реттеп қана қоймай, инвестициялық климаттың тұрақтылығына да тікелей әсер етеді. Өйткені жол сапасы мен инфрақұрылымның сенімділігі – кез келген инвестор үшін басты талаптардың бірі. Сонымен қатар, бұл жоба цифрлық инфрақұрылымды дамыту, көлік логистикасын автоматтандыру және көлеңкелі тасымалдың алдын алу бағытында аймақтың әлеуетін күшейтеді. Жыл соңына дейін іске қосылатын жаңа өлшеу станциялары Түркістан облысын Орталық Азиядағы заманауи көлік тораптарының бірі ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өңір экономикасына жаңа инвестициялар мен тұрақты табыс көздерін тартуға жол ашады.
