ТҮРКІСТАН: ИНДУСТРИЯЛЫҚ СЕРПІН БЕРЕТІН «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Түркістан облысы соңғы жылдары экономикалық өсім мен инвестициялық белсенділіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы ең ірі жобалардың бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағы (АЭА). Бұл аймақ облыс экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы аумағы 4 414 гектардан астам бұл экономикалық аймақтың құрамында 9 қосалқы аймақ бар. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасап, инвесторларға жеңілдіктер ұсыну арқылы өндірістік секторды жаңа деңгейге көтеру. Бүгінгі таңда «Turan» АЭА аумағында жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын 189 жоба тіркелген. Соның ішінде 40 жоба іске қосылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер аймақтың экономикасына нақты серпін беріп, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға үлес қосып отыр.

Дегенмен, экономикалық аймақтың толық қуатында жұмыс істеуі инфрақұрылымның сапасына тікелей байланысты. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен жиында арнайы экономикалық аймақтардың дамуына кедергі болып отырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиын барысында инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту, жол және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жер телімдерін рәсімдеу және бюрократиялық кедергілерді азайту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар, инвесторлармен өзара тиімді байланыс орнату, рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу және жобаларды тұрақты мониторингтеу тапсырылды.

Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасов өз баяндамасында «Turan» АЭА инфрақұрылымын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізіп, инженерлік желілерді тарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу жоспарын таныстырды.

Жиынды қорытындылаған Талғат Қозбеков арнайы экономикалық аймақтардың Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті:

“Біздің мақсат – инвестиция тарту арқылы аймақтың өнеркәсіптік қуатын арттыру. Арнайы экономикалық аймақтар Түркістан экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс,” – деді ол.

Бүгінде «Turan» АЭА – Түркістанның экономикалық картасындағы ерекше стратегиялық нысан. Ол тек инвестиция тарту алаңы емес, сонымен қатар өңірдің индустриалды-инновациялық келбетін қалыптастыратын маңызды орталық. Инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі жүзеге асуы мен өндіріс көлемінің артуы Түркістан облысын еліміздің жетекші экономикалық өңірлерінің қатарына қосуға мүмкіндік береді.