Түркістан облысында экономикалық серпін беретін ірі жобалар іске асырылып, өңірдің индустриялық әлеуеті артты. Мақтаарал ауданы, Атакент кеден бекеті маңында орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы индустриалды паркінің іргетасы қаланды. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік қуатты арттыруға және халықаралық инвестицияларды тартуға бағытталған.
Жобаның инвестициялық құны – 123 млрд теңге. Индустриалды парк іске қосылғаннан кейін 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті кәсіпкерлік пен өндіріс қарқынды дамиды. Қазіргі уақытта орталық аумағында бірнеше кәсіпкер өз өндірісін бастады, бұл жобаның іске асу қарқынын айқындайды.
Индустриалды паркке төмен вольтты электр жабдықтары, инверторлар, автоматтандыру жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрылғылар өндірісі енгізіледі. Жаңа кәсіпорындар жергілікті өндірісті қолдап, салық түсімін арттырады, республикалық және жергілікті бюджетке қосымша кіріс әкеледі. Сонымен қатар өндіріс көлемі артқан сайын өңірдің экспорттық әлеуеті де жоғарылайды.
«Орталық Азия» ХӨК орталығы логистика мен өндірісті үйлестіру, өнімді өңдеу және тарату бағытында стратегиялық рөл атқарады. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі арқылы экономикалық кооперация нығайып, өңірлік және халықаралық байланыстар күшейеді. 2027 жылға қарай орталықта 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарлануда.
Бұл бастама Түркістан облысын техникалық-инновациялық кластерге айналдырып, цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларындағы заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Жаңа өндірістер жергілікті жастарды жұмыспен қамтып, кәсіптік даярлау мүмкіндіктерін арттырады. Индустриалды парк өңір экономикасын әртараптандыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықаралық инвестициялық тартымдылықты күшейтуге нақты үлес қосатын стратегиялық жобалардың бірі болып отыр.
