Түркістан қаласында қалаішілік инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялық жобаларды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жабық және “смарт” аялдамалар орнату жобасы. Қала әкімдігінің “Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі” мемлекеттік мекемесінің басшысы Ұлан Жамбылұлының мәліметінше, бүгінде Түркістан қаласы аумағында 610 аялдама орнатылған. Оның ішінде 55-і – жабық үлгідегі аялдамалар, тұрғындардың ауа райының қолайсыз жағдайынан қорғануы және қоғамдық көлікті ыңғайлы күтуі үшін салынған.
Сонымен қатар, қалада қазіргі заман талабына сай 4 “смарт аялдама” жұмыс істейді. Бұл аялдамалар – инвестиция арқылы жүзеге асқан жаңа технологиялық шешімдердің бірі. Олар LED-экрандармен, бейнебақылау камераларымен және тегін Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілген. Смарт аялдамалар «Аққу» ықшамауданында, Медициналық колледж маңында, сондай-ақ Саттарханов даңғылы мен 11-көшеде орналасқан. Мұндай нысандарды орнату жергілікті экономиканы әртараптандыруға және жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отыр. Себебі заманауи аялдамалар құрылысында жергілікті кәсіпорындардың материалдары мен қызметтері пайдаланылып, шағын және орта бизнес субъектілері үшін жаңа тапсырыстар мен жұмыс орындары ашылды.
Бұдан бөлек, “ақылды қала” (Smart City) концепциясына сай жобалардың енгізілуі – Түркістанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, қаланың экономикалық және туристік әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізуде. Смарт аялдамалар тек көлік инфрақұрылымының бір бөлігі емес, сонымен қатар қаланың заманауи келбетінің айғағы және тұрақты даму стратегиясының құрамдас бөлігіне айналды. Қала әкімдігі алдағы уақытта жекеменшік серіктестік (МЖӘ) негізінде жаңа аялдамалар орнатуды және барларын жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, инвестиция көлемін ұлғайту мен жаңа жобаларды іске қосу арқылы экономиканың өсуіне серпін бермек.
Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар – инфрақұрылымдық дамумен қатар, экономикалық белсенділікті арттырып, қаланы өмір сүруге және жұмыс істеуге барынша қолайлы, инновациялық орталыққа айналдыруға бағытталған нақты қадам болып табылады. Заманауи “смарт” аялдамалар – бұл жай ғана көлік күту орны емес, қала экономикасының даму көрсеткіші мен инвестициялық тартымдылықтың символы.
