Түркістан қаласы бүгінде тек рухани және мәдени орталық қана емес, сонымен қатар өндірістік әлеуеті жоғары, экономикалық серпіні мықты аймақтардың біріне айналып келеді. Соңғы жылдары қалада жиһаз өнеркәсібі ерекше қарқынмен дамып, республика көлемінде жетекші орынға шықты.
Бүгінгі таңда Түркістанда ондаған кәсіпорындар түрлі бағыттағы жиһаз өнімдерін өндіреді. Олардың ішінде «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» сынды ірі өндіріс орындары бар. Бұл кәсіпорындар жыл сайын жүздеген мың дана жиһаз өнімдерін шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, еліміздің өзге өңірлеріне және шетелге экспорт жасауда.
Мысалы, «Идеал Туркестан» ЖШС жылына 200 мың дана дайын өнім шығарып, 1,8 млрд теңгеге жуық қаржылық айналым қалыптастырып отыр. Кәсіпорында 100 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал «LIDER GROUP» жыл сайын 80 мың дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге көлемінде айналымға ие, онда 60-70 азамат еңбек етуде. Сондай-ақ «ASIA BREND» мекемесі 22 мың дана жиһаз өнімін шығарып, 150 адамды жұмыспен қамтып, 1,1 млрд теңге қаржылық айналым қалыптастырған.
Мұндай көрсеткіштер – ұлттық өндіріс пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Қаладағы кәсіпорындар отандық шикізатты тиімді пайдаланып, жергілікті өндіріс сапасын арттыруға басымдық беріп келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық экспорттаушылардың әлеуетін кеңейтеді.
Жиһаз өндірісіндегі серпінді өсім – Түркістанның экономикалық картасында маңызды орын алады. Қалада қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуы, инфрақұрылымның дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы кәсіпкерлер мен инвесторлардың сенімін арттырды.
Сонымен қатар, қалада тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сапалы отандық өнім өндіру және әділ бәсекелестік орта қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындар өз өнімдерінің сапасын бақылауда ұстап, экологиялық және қауіпсіздік стандарттарын ұстануға ерекше назар аударады.
Түркістан қаласы әкімдігі мен салалық басқармалар өндіріс саласындағы кәсіпорындармен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық экспорттаушыларға қолдау көрсету, сондай-ақ отандық брендтерді халықаралық нарыққа шығару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Мұның барлығы Түркістанның жаңа даму стратегиясын айқындайды — ол инновациялық экономикасы, сапалы өндірісі және тұтынушы сеніміне ие отандық өнімдерімен ерекшеленетін заманауи қала болуға бағытталған.
