ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ АТАҚОНЫС ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында елді мекендерді газдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.

Бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылған. Бұл — жалпы халықтың 86,6 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр деген сөз. Қазіргі таңда тағы үш елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал 10 ауыл бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде.

Өткен жылы 4 елді мекен газ жүйесіне қосылған болса, биылғы жылдың өзінде 11 ауылға табиғи газ жеткізілді. Соның бірі – Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекені. Жаңа желінің іске қосылуына арналған шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков және «QazaqGazAimaq» Жетісай аудандық филиалының басшысы Бақтыбай Акеев қатысып, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады. Газ инспекциясы өкілдері тұрғындарға газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы жаднамалар таратты.

Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Атақоныс елді мекенінің тұрғындары енді экологиялық таза әрі тиімді «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алды. Республикалық бюджеттен бөлінген 527,5 миллион теңге қаражатқа тартылған газ құбырының ұзындығы 21,9 шақырымды құрайды. Ауылда 2709 тұрғын бар, олардың 374-і абонент ретінде тіркелген. Сала мамандарының мәліметінше, жыл соңына дейін жалпы 10,5 мың тұрғыны бар тағы 9 елді мекенге газ беріледі. Осылайша, 2027 жылға қарай Жетісай ауданындағы газдандыру деңгейі 100 пайызға жетпек. Бұл – өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.