ТҮРКІСТАН: ЕҢБЕКҚОР ДИҚАНДАР ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ КЕПІЛІ

Түркістан облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай серпінге ие болды. Өңір шаруалары жаңа технологияларды меңгеріп, жердің құнарын барынша тиімді пайдалану арқылы мол өнім алудың заманауи тәсілдерін кеңінен енгізіп келеді. Соның бір жарқын мысалы – Келес ауданындағы еңбекқор диқандардың жетістігі. Біртілек ауылдық округінің тұрғыны, тәжірибелі диқан Халық Асылбек биыл 3 гектар жерге үш түрлі дақыл егіп, бір жылда үш рет өнім алған. Бұл – ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдің және үздік еңбек мәдениетінің нақты көрінісі.

– Ең бастысы – жерге жанашырлықпен қарау керек. Өткен күзде пияз егіп, ерте көктемде жинап алдық. Одан кейін картоп егіп, тамызда жинадық. Қазір үшінші өнім – болгар бұрышын теріп жатырмыз. Әр өнім өз еңбегінің жемісін беріп отыр, – дейді шаруа. Мұндай тәжірибе Келес ауданында кеңінен таралып келеді. Биылдың өзінде 3,5 мың гектар жерге егіс егілсе, оның ішінде 700 гектарға астық, 560 гектарға картоп, 1,3 мың гектарға көкөніс, ал 730 гектарға мал азықтық дақылдар егілген. Сонымен қатар, 2 гектар жаңа жылыжай салынып, 63 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының аграрлық әлеуетінің жоғары екенін және қазақстандық өнім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жүріп жатқанын айғақтайды. Жергілікті шаруалар еңбек өнімділігін арттырумен қатар, нарықтағы отандық өнім үлесін көбейтуге де үлес қосуда. Аймақ экономикасының басым бағыты – ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласын қатар дамыту. Осы мақсатта Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, инвестициялық жобаларды қолдау, экологиялық таза өнім өндіру сияқты бастамалар іске асуда. Тиімді агротехнологиялар мен суды үнемдеу жүйесін енгізу арқылы шаруалар тек өнім көлемін арттырып қана қоймай, климаттық жағдайға бейімделген жаңа ауыл шаруашылық мәдениетін қалыптастырып отыр. Бүгінде Түркістан диқандарының тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі боларлық деңгейге жетті. Бір жылда үш рет өнім алу – бұл тек еңбек пен табандылықтың емес, қазақстандық ауыл шаруашылығының жаңаша даму бағытының көрінісі. Осылайша, Келес өңіріндегі қарапайым шаруаның еңбегі облыс экономикасының дамуына, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнімнің сапасы мен беделін арттыруға зор үлес қосуда.