Түркістан облысы тағы бір қарқынды жетістікке қол жеткізді – жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 487,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенінің айғағы.
Бүгінде Түркістан аймағы ел экономикасының ауыл шаруашылығы бойынша негізгі тіректерінің бірі саналады. Бұл бағытта нақты индикаторлар бекітіліп, олардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында тұр. Ол ауыл шаруашылығын өңірдің экономикалық қозғалтқышы деп атап, инвестициялық жобаларды жеделдетуді тапсырған.
Сол нәтижесін беріп келеді: үш жылдық кезеңге арналған жоспар бойынша 67 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Олардың жалпы құны – 270 млрд теңге, ал ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны 2,5 мыңға жуық. Биылдың өзінде 22 жоба іске қосылып, 935 адамға жаңа жұмыс орны табылды.
Егіс көлемі де жыл сайын ұлғайып отыр. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар жерге егілді, бұл былтырғыдан 34 мың гектарға көп. Диқандардың еңбегі нәтижелі болды – 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн тонна бақша өнімі, 234 мың тонна картоп және 9 мың тонна мақсары жиналды.
Мал азығын дайындау да қарқынды жүріп жатыр. 5,2 млн тонна өнім жинау көзделсе, қазіргі таңда 4,5 млн тоннасы дайын. Бұл көрсеткіш 86 пайыздық орындалуды білдіреді.
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығындағы өсім облыстың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін беріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, жыл соңына дейін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асып, республикалық деңгейдегі маңызды көрсеткішке жетеді.
Аграрлық саладағы бұл жетістік – ауыл еңбегінің, диқандар мен шаруалардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Түркістан – бүгінгі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы сенімді көшбасшылардың бірі.
