ТҮРКІСТАННЫҢ ТАБИҒИ ӨНІМДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚҚА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Түркістан облысында мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жаңа экономикалық жобалар қарқынды іске асырылуда. Соңғы жылдары өңір ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында белсенді дамып, инвестициялық тартымдылығы артып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі Қытайдың Гуандун провинциясының нарықты реттеу әкімшілігі және Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау орталығының өкілдерімен іскерлік кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар сертификаттау жобасын жүзеге асыру, арнайы платформа құру және өндірістік ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Облыс әкімдігі өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырып, бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екендігін жеткізді.

– «Түркістан облысында өнеркәсіптің белсенді дамуына ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Инвесторлар үшін 4 мың гектар аумақта орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен 20 индустриялық аймақ бар. «TURAN» АЭА қатысушыларына жеңілдіктер қарастырылған. Әкімдік тарапынан «Бір терезе» қағидасы аясында толық сүйемелдеу жүргізіледі. Ірі жобаларға инженерлік инфрақұрылым тарту, жер телімін таңдау және жобаларды ілгерілетуге тікелей көмек көрсетеміз. Біз облыс пен халықаралық инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз», – деп хабарланды.

Қытайлық тарап Түркістан өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін атап, өңірдің табиғи өнімдерін Қытай нарығына шығару бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар провинцияларда бизнес форумдар ұйымдастыруға және жергілікті кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетуге ниет білдірді. Бұл ынтымақтастық өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, бренд беделін көтеруге және қазақстандық өнімдердің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *