ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚОЛӨНЕРШІЛЕР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНІМІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН БАСТАДЫ

Қазақстандық өнімнің сапасын арттыру мен оны халықаралық деңгейде танымал ету бағытындағы маңызды жетістіктердің бірі — Түркістандағы «Qol Oner» қолөнершілер одағының 2025 жылы Дүниежүзілік Қолөнершілер Кеңесінің Азия-Тынық мұхит аймағы қауымдастығына (WCC-APR) ресми түрде мүше болып қабылдануы болды. Бұл жаңалық тек түркістандық шеберлер үшін емес, жалпы ұлттық қолөнер саласының дамуы мен қазақстандық брендтің жаһандық нарыққа шығуы жолындағы маңызды қадам болып саналады.

Одақ төрайымы Индира Икапова бұл оқиғаның маңыздылығын ерекше атап өтті: “Бұл – мен үшін және жергілікті шеберлер үшін зор қуаныш. Себебі, бұл тек еңбектің еленуі ғана емес, қазақтың ұлттық қолөнерінің әлемдік аренаға нық қадам басуының айқын дәлелі”, – деді ол.

Халықаралық қауымдастыққа мүше болу арқылы түркістандық шеберлер әлемдік стандарттармен тәжірибе алмасуға, өнім сапасын жетілдіруге, сондай-ақ қазақстандық қолөнер бұйымдарын сыртқы нарыққа экспорттауға мүмкіндік алады. Бұл – ұлттық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам.

Қолөнер бұйымдарының халықаралық деңгейде мойындалуы – «Made in Kazakhstan» брендіне деген сенімділікті күшейтіп, елдің мәдени-экономикалық беделін арттырады. Себебі, қолөнер – бұл тек эстетикалық немесе мәдени құндылық емес, сонымен қатар жергілікті экономика мен туризмді дамытуға ықпал ететін тұрақты табыс көзі.

Бүгінде Түркістан өңірінде 200-ден астам шеберлер бірлестік аясында жұмыс істейді. Олардың қолынан шыққан кілем, зергерлік әшекей, керамика, тері және ағаш бұйымдары ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие. Халықаралық қауымдастыққа мүшелік – бұл шеберлердің еңбегін әлемге танытып қана қоймай, олардың өнім сапасын арттыруға, сертификаттау мен стандарттау жүйесін енгізуге жол ашады. Осы бастама елдегі шағын және орта бизнесті, креативті экономиканы, сондай-ақ ұлттық өндіріс мәдениетін жаңа деңгейге көтерудің бір бөлігі болып отыр.