Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінгі таңда қала аумағында 29 әлеуметтік дүкен мен бірнеше сауда орындары – «Шапағат», «Бәйтерек», «Береке», «Молшылық», «Дастархан» дүкендері тұрғындарға негізгі азық-түлікті төмен бағада ұсынуда.
Бұл әлеуметтік нысандардың басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жүктемесін жеңілдетіп, нарықтағы бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеу. Қазіргі уақытта Түркістандағы әлеуметтік дүкендерде азық-түлік өнімдерінің бағасы базар мен супермаркеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы: Картоп – 130 теңге (супермаркетте – 138 тг), Пияз – 85 теңге (супермаркетте – 92 тг), Қант – 390 теңге (супермаркетте – 425 тг), Сары май – 2300 теңге (супермаркетте – 2530 тг), Бөлке нан – 70 теңге (супермаркетте – 87 тг).
Сонымен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да өнімдер – ұн, макарон, күріш, сүт өнімдері және көкөніс түрлері де тұрақты әрі қолжетімді бағамен сатылады.Әлеуметтік дүкендердегі баға қалалық әкімдік пен тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында. Тауарлардың сапасы мен сатылым тәртібі санитарлық талаптарға сай тексеріліп отырады.
Тұрғындар егер әлеуметтік дүкендерде өнім бағасы негізсіз көтерілгенін байқаса, бұл туралы бірден жауапты мекемеге хабарлай алады: 📞 +7 747 995 7586 Мұндай кері байланыс жүйесі — бағаның тұрақтылығын сақтап, «Бақылаудағы баға – халық игілігі үшін» қағидасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік дүкендер желісінің дамуы – Түркістан қаласында отандық өнім өндірушілерді қолдау, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікті сақтау бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады.Алдағы уақытта қалада әлеуметтік дүкендердің санын арттырып, олардың географиялық қолжетімділігін кеңейту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде қалалық инфрақұрылымның әлеуметтік бағыттағы даму деңгейін арттырып, Түркістан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосады.
