ТҮРКІСТАНДА ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ӨНДІРІСІ ЖАНДАНАДЫ

Түркістан қаласында құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жаңа өндірістік жоба жүзеге аспақ. Қалада микрокристалды тас пен декоративті қаптама материалдарын өндіретін кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыру мен өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

Жоспар бойынша жаңа зауыт жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын ірі инвестициялық жоба болып табылады. Кәсіпорын жылына 120 мың шаршы метр микрокристалды тас және 150 мың шаршы метр декоративті қаптама материалдарын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнімдер құрылыс пен сәулет саласында кеңінен қолданылып, ішкі нарықтағы импортты алмастыратын отандық өнім ретінде үлкен сұранысқа ие болмақ.

Жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында жүзеге асырылады. Инфрақұрылымы дайын аймақтың өндіріс үшін тиімді жағдайлары инвесторлар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Кәсіпорын іске қосылған соң, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Бұндай өндіріс орындарының көбеюі Түркістанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сай келеді. Қалада инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және экспорттық әлеуеті бар өнімдер шығару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа зауыттың іске қосылуы – Түркістанды тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар заманауи өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің дамыған өңірі ретінде қалыптастырудың айқын дәлелі. Бұл жоба өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, өндіріс саласына тың серпін бермек.