Түркістан қаласының Шауғар секторында соңғы күндері орын алған жауын-шашын салдарынан бірқатар көшелердің жол жабыны бүлініп, тұрғындардың қозғалысына қолайсыздық туындаған еді. Бұл мәселе қала әкімдігі тарапынан жедел түрде назарға алынып, тиісті коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдар арқылы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей бақылауымен жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге жол инфрақұрылымын қысқа мерзімде қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жұмыстардың сапасы мен уақытында орындалуы қатаң бақылауға алынған.
Қазіргі таңда бүлінген жол учаскелерінде бірнеше бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Жол жабынын тегістеу, инертті материалдар төсеу, су шайып кеткен жерлерді нығайту, сондай-ақ тұрғындар мен көлік қозғалысы үшін қауіпсіз жағдай жасау басты назарда. Сонымен қатар, жол бойындағы су ағу жолдары мен дренаж жүйелері тексеріліп, жаңартылуда, бұл болашақта көшелердің ертерек бүлінуін алдын алуға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, Шауғар секторындағы барлық көшелер толық қалпына келтіріліп, жол қозғалысы қауіпсіз әрі қолайлы деңгейге жеткізілетін болады. Қала әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымының тұрақты жағдайын қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр.
Қала тұрғындарына жайлы және қауіпсіз жүріп-тұру жағдайларын жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы күндерде толық аяқталып, жолдар бастапқы көрінісіне келтірілмек. Бұл – қала инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды уақытылы ақпараттандыруды, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауды жалғастырып отыр. Жауын-шашынның ықтимал әсерін азайту үшін қосымша алдын алу шаралары қарастырылып, ұзақ мерзімді жоспарлар аясында жолдардың беріктігі мен сапасы арттырылмақ.

