Түркістан қаласында экологиялық мәдениетті дамыту, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және қаланы жасыл аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бүгінде Түркістан — тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар жасыл кеңістігі кеңейіп келе жатқан экологиялық таза қала ретінде де танылуда.
Қазіргі таңда Түркістандағы жасыл желек аумағы 772 гектарды қамтиды. Қоршаған ортаны жақсарту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында қалада 925 507 түп ағаш, 370 856 түп бұта, сондай-ақ 8 гектар гүлзар отырғызылған. Мұндай ауқымды көгалдандыру жұмыстары қаланың ауа сапасын жақсартып, ыстық климат жағдайында табиғи салқындық пен көлеңке аймағын арттырады.
Бұдан бөлек, тұрғындардың жайлы серуендеуіне арналған 128 гектар аяқжол төселіп, демалыс аймақтарының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Биылғы жылы қала саябақтарына қосымша 53 мыңнан астам гүлдер мен маусымдық өсімдіктер егу жоспарланған. Түрлі түсті гүлзарлар мен сәндік өсімдіктер қаланың көркін айшықтап, ерекше эстетикалық келбет қалыптастырады. Бұл жұмыстар тек көктем мен жаз мезгілінде ғана емес, жыл бойы жоспарлы түрде жүзеге асырылады.
Бүгінде Түркістан қаласы республика көлемінде саябақтар саны бойынша алдыңғы қатарда. Қала аумағында 36 саябақ және 80 сквер мен аллея бар. Әрбір демалыс аймағы заманауи талаптарға сай көгалдандырылып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Саябақтар тек қаланың сәнін келтіріп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға, тұрғындардың демалысын тиімді өткізуге, балалардың ойнап, үлкендердің тынығуына мүмкіндік береді.
Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан көгалдандыру шаралары экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, қала халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Жасыл желек – таза ауа мен табиғи сұлулықтың кепілі. Сондықтан да Түркістан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жыл сайын кеңейтіп, жаңа демалыс аймақтарын абаттандыруды жалғастыруда. Түркістанның көкжиегінде жайқалған саябақтар мен гүлзарлар – қаланың заманауи әрі экологиялық келбетінің айғағы.
