ТҮРКІСТАНДА ОЙЫН ЖӘНЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ КЕҢЕЙІП, ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан қаласында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда ойын және спорт алаңшаларының маңызы ерекше. Бүгінде қала аумағында 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетіп, халықтың белсенді өмір салтын қалыптастыруға үлес қосып отыр.

Балалардың қауіпсіз ортада ойнауына, ал ересектердің спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беру мақсатында қолданыстағы алаңшаларды жаңғырту жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылы қала бойынша 40 ойын алаңшасына кешенді жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай ауыстырылды. Барлық нысандар заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріліп, пайдалануға қолайлы жағдай жасалды.

Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен қала аумағының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа ойын және спорт нысандарын салу жұмыстары да қарқын алды. Биыл Түркістан қаласында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, халық игілігіне берілді. Атап айтқанда, Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов және Р.Дастанова көшелерінде балаларға арналған заманауи ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Хақназар хан мен Ш.Ниязов көшелерінде тұрғындар үшін жаңа үлгідегі футбол алаңшалары пайдалануға берілді.

Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталды. Алаңшалар сапа стандарттарына сай жабдықталып, аумақтары абаттандырылып, көгалдандырылды. Қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым талапқа сай ұйымдастырылып, жарықтандыру және қоршау элементтері орнатылды.

Алдағы жоспарларға сәйкес, 2026 жылға дейін Түркістан қаласының 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшаларын салу көзделіп отыр. Бұл бастамалар қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарап, ойын және спорт алаңшаларын ұқыпты пайдалануға шақырады. Егер нысандарда ақау, бүліну немесе бұзақылық деректері байқалса, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады. Қоғамдық кеңістіктерді бірлесе сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті.