ТҮРКІСТАНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының кезекті отырысында 2025 жылы Түркістан қаласына республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржының игерілу барысы жан-жақты қаралды. Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халық қалаулыларына атқарылған жұмыстар мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейін таныстырды.

Есептік кезеңде бөлінген бюджет қаражаты қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрғын үй құрылысы, жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту, абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салу және жаңғырту жобаларына бағытталды.

Атап айтқанда, қала бюджетіне 2025 жылы 128,3 млрд теңге бөлініп, тұрғын үй құрылысы саласында 70 тұрғын үй, 3 560 пәтерді құрайтын 220 317 шаршы метр тұрғын алаң пайдалануға беруге жоспарланған. Осы жоспардан қазіргі уақытта 33 тұрғын үй – 1 984 пәтер пайдалануға тапсырылды.

Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша индустриалдық аймақ аумағында автомобиль жолдары салынды, сыртқы жарықтандыру жүйелері орнатылды, сондай-ақ сыртқы инженерлік және байланыс желілері жүргізілді. Құрылыс жұмыстарының 3-кезеңі толық аяқталып, «Парасат» саябағы мен 500 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, спорт саласын дамыту мақсатында ауысымына 200 бала қабылдайтын 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Өткен жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай артқан. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңге құрап, 16,3% өсу көрсеткіші тіркелді, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 502,7 млрд теңгені құрады.

Бұл көрсеткіштер Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және қала инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айқын дәлелдейді. Бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы қаладағы құрылыс, білім, спорт және мәдениет салаларын дамытуға нақты серпін бергенін көрсетті.