Түркістан облысында заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерге негізделген «Smart City» – «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл жоба өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласы «Ақылды қала» жобасын іске асыру деңгейі бойынша республикада 74,6 пайыздық көрсеткішпен 12-орынға тұрақтады. Бұл – аймақтың цифрландыру бағытындағы жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.
Облыс әкімдігінде өткен жиында «Smart City» жобасының қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиын барысында өңірдегі қалалар мен аудандарда цифрландыру және технологиялық шешімдерді енгізу жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді. Әсіресе Түркістан қаласында 2025 жылға арналған «Ақылды қала» жобасының Жол картасын жаңартып, жаңа бастамалар енгізу тапсырылды.
Басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды тиімді басқару, және ресурстарды үнемдеуді қамтамасыз ету. Бұл бағытта жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, бейнебақылау және көлік қозғалысын басқару жүйелері, ақылды жарықтандыру мен күннен қуат алатын құрылғыларды енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірдегі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жобалау кезінде «Ақылды қала» тұжырымдамасының негізгі критерийлері міндетті түрде ескерілетін болады. Бұл цифрлық экожүйе тек әкімшілік басқару саласында ғана емес, білім, медицина, көлік және коммуналдық секторда да кеңінен қолданыс табады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, жобаны толыққанды іске асыру нәтижесінде Түркістан қаласында ақылды көлік жүйесі, қалалық қауіпсіздік орталығы, қалдықтарды басқарудың автоматтандырылған жүйесі және ақылды жарықтандыру желілері енгізілмек. «Ақылды қала» — бұл тек цифрландыру емес, ол жаңа сапа мен жаңа басқару мәдениетіне көшу. Жобаның толық жүзеге асуы Түркістанды аймақтық технологиялық хабқа айналдырып, өңір экономикасының тиімділігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
