САУРАН АУДАНЫ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ СЕРПІН МЕН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Түркістан облысының экономикалық дамуында Сауран ауданының алатын орны ерекше. Соңғы жылдары мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалып, өндірістік аймақтар құрылуда. Бұл бастама аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік туғызуда.

2024–2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары бой көтеріп жатыр. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдарында 55 гектар жер бөлініп, бес өндірістік аймақтың құрылысы басталды. Осы аймақтарда 115 цех ашу жоспарланып, қазіргі таңда 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, ал 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті.

Жобалар толық іске асқанда 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – аудан экономикасына зор серпін беретін, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін ауқымды бастама.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Сауран ауданына арнайы іссапармен келіп, өндіріс аймақтарының жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында ол кәсіпкерлермен кездесіп, жобалардың іске асу барысын талқылады.

Атап айтқанда, Иассы өндіріс аймағында 9 гектар жер бөлініп, 24 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкер құрылысқа кірісіп кеткен. Бұл аймақ толық іске қосылғанда 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ, ал жобаның жалпы инвестициялық көлемі 6,3 миллиард теңгені құрайды.

Қарашық ауылдық округінде де өндіріс белсенді дамуда. Мұнда 10 гектар жерге 20 жоба жоспарланған. 12 кәсіпкермен меморандум жасалып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өндірістік аймақ іске қосылған соң 170 адамға жұмыс берілмек. Жобаның жалпы құны – 4,5 миллиард теңге.

Сонымен қатар, Жүйнек ауылдық округіндегі “ASIA BREND” жиһаз кәсіпорны сапар барысында ерекше назарға алынды. Мұнда 30 қызметкер тұрақты еңбек етеді. Кәсіпорын жатын және қонақ бөлмелерге, балаларға арналған жиһаздар мен ас үй жиынтықтарын шығарады.

Бұдан бөлек, “DIVALUX” жиһаз цехы да Сауран экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. 2 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны 120 адамды жұмыспен қамтып, айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізілсе, мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, кәсіби деңгейін арттырып отырады.

Өңір басшылығының айтуынша, өндірістік аймақтарды дамыту – Сауран ауданын экономикалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерудің басты бағыты. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бұл аймақтар болашақта шағын және орта бизнестің негізгі орталығына айналмақ.

Қорытындылай келгенде, Сауран ауданындағы өндіріс алаңдары – тек кәсіпкерлікті қолдау емес, экономиканы әртараптандырудың, жергілікті халықты жұмыспен қамтудың нақты құралы. Бұл жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының индустриалды даму бағытына тың серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *