Сауран ауданы соңғы жылдары экономикалық өсіммен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік әділеттілік пен инклюзивті қоғам құру – мемлекет саясатының өзегі» деген тапсырмасын орындау мақсатында өңірде тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Соның айқын дәлелі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тиімді жұмысы. 2023 жылы пайдалануға берілген орталық қазіргі таңда айына 100-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл – аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелі қадам. Күн сайын 25 адамға қызмет ұсынылып, әрбір келуші екі айлық сауықтыру курсынан өтеді. Мұнда 20-дан астам білікті маман тұрақты жұмыс істейді.
Орталықтың жұмысы тек бір бағытпен шектелмейді. Мұнда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек қатар көрсетіледі. Әлеуметтік қызмет алушылардың әрқайсысына жеке жоспар түзіліп, олардың денсаулығын қалпына келтіру, өмір сапасын арттыру және қоғаммен өзара байланысын нығайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бүгінде Сауран ауданы әлеуметтік қызмет сапасын арттыру арқылы экономиканың маңызды бір тармағын – адам капиталының дамуын басты назарға алып отыр. Себебі әлеуметтік қамсыздандыру саласы тек халыққа көмек көрсетумен шектелмейді, ол – жұмыс орындарын ашу, жаңа мамандар даярлау, жергілікті бюджетке қосымша табыс көзін қалыптастырудың да тиімді құралы. Орталық қызметі нәтижесінде аудан тұрғындары әлеуметтік тұрақтылық пен мемлекеттік қамқорлықты нақты сезінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да күшейтеді. Инфрақұрылымы дамыған, тұрмысы жақсарған аймақ – кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін де сенімді орта болып табылады.
Сауран ауданындағы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» – тек көмек нысаны емес, ол – әлеуметтік-экономикалық даму жүйесінің бір бөлігі. Мұндай жобалар өңірдің тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ал ауданның жалпы даму стратегиясына серпін беруге бағытталған.
