САРЫАҒАШ: ҚҰРКЕЛЕС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес ауылдық округінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелерге жетіп отыр. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық жағдайды жақсарту бағыттарында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы саласы округ экономикасының негізгі тірегі болып табылады. Биылғы алты айда 6,1 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Оның ішінде жылыжай кешендерінен 11 400 тонна көкөніс өнімі алынған. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Кәсіпкерлік те дамудың маңызды бағытының бірі. Жыл басынан бері округ аумағында 3 жаңа кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 9 жаңа нысан ашылып, 194 азаматқа жаңа жұмыс орындарын ұсыну жоспарланған. Сонымен қатар, 2,36 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделуде. Инфрақұрылымдық даму да басты назарда. Құркелес ауылдық округіне қарасты 13 елді мекен толықтай табиғи газ жүйесіне қосылған. Таза ауыз сумен қамту деңгейі 92,3 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда Ақүй, Алғабас және Ақниет елді мекендерінде үш ірі су жобасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң 1300-ден астам үй таза ауыз сумен қамтылатын болады. Сонымен қатар, ескі су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ақниет елді мекенінде 54 шақырым электр желісі тартылып, 5 жаңа трансформатор орнатылуда. Жол жөндеу және абаттандыру бағытында да бірқатар іс атқарылған. Жаңаталап және Нұрлы жол елді мекендерінде жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Береке ауылында аяқжол төселіп, көше жарық шамдары жаңартылған. Жылысу мен Жаңаталап елді мекендерінде аяқжол орнату жұмыстары жалғасуда. Құлтума мен Еңкес ауылдарында кіші футбол және воркаут алаңшалары, балалар ойын алаңдары салынуда. Әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқын алған. Жаңаталап, Нұрлы жол және Береке елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар бой көтеріп жатыр. Ал Жылысу мен Дастан ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салу жоспарланған. Бұған қоса, 4 жеке меншік білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Экологиялық бағытта да маңызды шаралар жүзеге асуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 85 шақырым көше, 10 шақырым аяқжол және 6,3 шақырым өзен-канал тазартылған. Сенбілік жұмыстарына 2560 адам мен 16 техника тартылып, 70 тонна тұрмыстық қалдық шығарылған. Жалпы, Құркелес ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, ауыл келбетін жаңартуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі іске асуы ауылдық округтің әлеуметтік даму қарқынын одан әрі күшейтіп келеді.