САРЫАҒАШ: ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сол мақсатта Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар шалғай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімі тұрғындардың қуанышына ортақтасып, жаңа жүйенің ел игілігіне пайдаланылуына қатысты құттықтау сөз сөйледі.

Аудан басшысы атап өткендей, мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жасалған нақты қадам болып табылады. Осы бағытта іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да серпін береді. Елді мекендерде суға қолжетімділіктің артуы ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті қолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттырады.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді және Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС жүзеге асырды. Жоба аясында тұрғындарға сапалы және қауіпсіз ауыз су жеткізілетін болды, бұл ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, тұрақты өмір сүруге жағдай жасайды.

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала және 13 ауылдық округ бар, барлығы 63 елді мекенді қамтиды. Соңғы жылдары жүргізілген инфрақұрылымдық жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 79,3 пайыз болса, Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне су берілгеннен кейін 85,7 пайызға жеткен еді.

Қазіргі таңда қосылған Сарысу, Тасқұдық және Шеңгелді елді мекендері арқылы тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға жетіп, жалпы көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты. Бұл – аудандағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамудың айқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да маңызды қадам. Су жүйесінің жетілдірілуі ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғаумен қатар, өндірістік және ауыл шаруашылығы жобаларын кеңейтуге, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы, орталықтандырылған су жүйесінің кеңеюі Сарыағаш ауданы мен Түркістан облысының дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бұл жоба ауылдық жерлердегі өмір сапасын жақсартып қана қоймай, жергілікті экономикаға оң әсерін тигізеді, инвестициялық тартымдылықты арттырады және әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған нақты саясаттың көрінісі болып табылады. Әрбір жаңа нысан – өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалған нақты қадам болып есептеледі.