САРЫАҒАШ: ТЕГІСШІЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ОРЫНДАЛУДА

Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінде соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық даму бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығын қолдау бағытында нақты нәтижелер бар. 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Тегісшіл ауыл аманаты» кооперативі құрылып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласына елеулі серпін берді. Бағдарлама шеңберінде тартылған инвестиция көлемі 650 миллион теңгені құрап отыр. Бұл қаражат ауылдың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, «Адия» ЖШС жылыжай құрылысына, «Бак – Сая» ЖШС жеміс бағын дамытуға, ал «Beibars OIL» ЖШС 150 миллион теңге көлемінде жанармай құю бекетін салуға инвестиция салған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында округ бойынша 2058 гектар егістік жер толық игеріліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақты өсімнің көрсеткіші болып табылады. 2024 жылы округ шаруашылықтарына 5 жаңа трактор, ал 2025 жылы тағы 5 ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды. Сонымен қатар, «Күлпаршын» шаруа қожалығы 900 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба мал шаруашылығын дамытуға және ет өнімдерінің өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық даму да қарқын алып келеді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы округке қарасты 36 көшеге асфальт жамылғысы төселіп, Таскескен, Мәдениет және Тегісшіл елді мекендерінде шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2025 жылдың алғашқы алты айында ұзындығы 850 метр жол жөнделіп, Тегісшіл ауылындағы Ш. Ибрагимов көшесіне аяқжол орнату жұмыстары басталды. Ауылдық округ аумағында инженерлік инфрақұрылым да жаңартылуда. Тегісшіл және Мәдениет ауылдары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған. Ал Таскескен елді мекенінің жаңадан қосылған көшелеріне су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. 2024 жылы Мәдениет ауылында жаңа воркаут және спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұл тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қазіргі таңда 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ауыл өмірінің мәдени және рухани жаңғыруына жаңа серпін береді.Тегісшіл ауылдық округінде экологиялық және абаттандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 1500 дана ағаш егілді және ұзындығы 23,5 шақырым болатын каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 4 шақырым көше жарығы жаңартылып, биыл басқа да көшелердегі жарық шамдарын жаңарту мен жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.