Сарыағаш ауданында әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынатын 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана. Бұл нысан өңір тұрғындарының рухани-мәдени өмірін жандандыруға, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. «ST-SERVICE KZ» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын сапалы және заманауи стандарттарға сәйкес атқаруда. Ғимарат орналасатын жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жобасы бекітіліп, барлық жер жұмыстары толықтай аяқталған. Іргетас құю, қазаншұңқыр қазу, гидроизоляциялық жұмыстар және бірінші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары сәтті жүзеге асырылған. Сонымен қатар, бетон жабыны (плита) орнатылып, ғимарат құрылысын мерзімінде әрі сапалы аяқтау бағытында барлық шаралар қарастырылған.
Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындары үшін мәдени және білім беру ортасы қалыптасады. Мұндай нысандар жастар мен оқырмандарға шығармашылық пен білімді дамытуға мүмкіндік береді, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға септігін тигізеді. Ауылдағы мәдени өмірдің жандануы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, ауылдағы қоғамдық өмірге жаңа серпін береді.
Сонымен қатар, жобаның Түркістан облысының экономикасы мен дамуына да оң ықпалы бар. Жобаны жүзеге асыру кезінде жергілікті құрылыс компаниялары мен мердігерлер тартылып, жаңа жұмыс орындары құрылып, аймақтық еңбек нарығына үлес қосылуда. Бұл өз кезегінде өңірдегі кәсіпкерлік пен құрылыс саласының дамуына серпін береді.
Облыс әкімі мен аудан басшылығының қолдауымен Сарыағаштағы әлеуметтік нысандарды дамыту жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысқа қосқан үлесі тек Жонарық елді мекенін ғана емес, жалпы ауданды, оның ішінде мәдени-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
Жалпы, Жонарық ауылындағы жаңа нысан – Түркістан облысының ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту және өңірдің мәдени-экономикалық дамуына үлес қосу жолында жасалған нақты қадам. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерді заман талабына сай дамытудың тиімді үлгісі болып отыр.
