САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ПАРКІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын жүйелі дамытуға ерекше мән беріп, қалалар мен елді мекендерде сапалы әрі қолайлы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Сарыағаш ауданында қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде табыстап, бұл бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Салтанатты рәсімге аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов, сондай-ақ көлік саласының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында аудан басшысы жолаушылар тасымалын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, қоғамдық көліктердің жаңартылуы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жолаушылардың уақытылы әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар Арман Абдуллаев «SAR AVTO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына жаңа автокөліктерді тиімді пайдалану, техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және тұрғындарға мәдениетті, сапалы қызмет көрсету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданы әкімдігі мен қызмет көрсетуші «SAR AVTO» ЖШС бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қорымен» келісім жасалып, қаржылық лизинг тетігі арқылы қаражат тартылған. Нәтижесінде 6 дана «Газель» және 2 дана «ПАЗ» маркалы автобустар сатып алынды.

Облыстық индикаторлық көрсеткіш толық көлемде орындалып, жаңартылған автопарк ауданішілік және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға оң ықпал етуде.