Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған ауылдық елді мекендерді дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Осы жұмыстардың нәтижесінде бүгін Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауылдық округіндегі Шайхана және Қарақалпақ елді мекендері табиғи газға қосылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудан басшысы өз сөзінде шалғай елді мекендерді электр энергиясымен, табиғи газбен және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі аудан басшылығының басты назарында екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді, – деді Арман Абдуллаев.
Кездесу барысында тұрғындар елді мекендердің газға қосылуын көптен күткендерін айтып, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, 2026 жылдың қаңтар айында толық аяқталды. Қарақалпақ елді мекеніндегі құрылыс жұмыстарын «Бақ-Ерке строй» ЖШС, ал Шайхана елді мекенінде «Ынтымақ-ОК» ЖШС жүргізді. Нәтижесінде екі елді мекенде 207 абонент табиғи газға қосылды.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданына қарасты 63 елді мекеннің 55-і табиғи газбен қамтылған, бұл жалпы қамту көрсеткішінің 87,3 пайызды құрап отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар 3 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілуде, ал 5 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

