САРЫАҒАШТА АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШЫЛУДА

Түркістан облысының әлеуметтік және экономикалық дамуы ауылдық жерлердің өркендеуімен тығыз байланысты. Соңғы жылдары аймақта ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында нақты нәтижелер көрініс беріп келеді. Соның жарқын мысалы — Сарыағаш ауданының Жемісті ауылдық округі мен Тың елді мекенінде жүзеге асқан жаңа жобалар. Ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық — шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылуы. Бұл нысандар қазан айында пайдалануға беріліп, жергілікті халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік беруде. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысандарды аралап, олардың талапқа сай күтіп-ұсталуының маңыздылығын атап өтті. Әкім жауапты мекемелерге спорт және ойын алаңдарының ұзақ мерзімді қызмет етуі үшін тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық даму бағытында Тың елді мекеніндегі Ақбастау көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сапалы асфальт төселді. Жобаны «Artd Grup» ЖШС орындап, тапсырыс беруші Сарыағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болды. Бұл жұмыстар ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын арттыруға да үлес қосады. Жаңа жолдар мен әлеуметтік нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, бизнестің дамуына, ауыл экономикасының жандануына негіз болуда. Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан мұндай жобалар өңірдің теңгерімді дамуын қамтамасыз етіп, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған. Сарыағаштағы жаңа спорт және ойын алаңдары – бұл тек құрылыс нысаны емес, ауыл өмірінің жандануына, жастардың белсенділігінің артуына, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына әсер ететін маңызды инвестиция. Түркістанның әр ауданында жүзеге асып жатқан осындай жобалар өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр.