САРЫАҒАШТАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға және қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған тың бастамалар сәтті жүзеге асуда. Соның бір дәлелі – Жартытөбе ауылдық округінде экзотикалық жемістер өсірумен айналысып отырған жылыжай шаруашылығы.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіндегі жылыжайдың жұмысымен танысып, жергілікті кәсіпкердің еңбегіне жоғары баға берді. Аудан басшысы бұл бастаманың өңір экономикасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлкен серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне өндірілген өнімді жергілікті нарыққа жүйелі түрде ұсыну бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елді мекенінде бүгінде әлемде кең таралған «Кавендиш» банан сұрпы пісіп-жетіліп отыр. Экзотикалық жемістер өсірілетін жылыжай аумағы 10 соттық жерді қамтиды. Банан көшеттерін жергілікті кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев 2019 жылы Түркия елінен арнайы алдыртып, Сарыағаш өңірінің табиғи-климаттық ерекшелігіне бейімдеген.

Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен 1995 жылдан бері айналысып келеді. Көп жылдар бойы қызанақ пен қияр секілді дәстүрлі көкөніс өнімдерін өндірген кәсіпкер 2019 жылдан бастап тропикалық жемістерді жерсіндіруге бет бұрған. Алғашқы кезеңде банан өсімдігі оңайлықпен бейімделмегенімен, жүйелі күтім мен агротехникалық талаптардың сақталуы нәтижесінде бүгінде толықтай жерсініп, мол өнім беріп отыр.

Қазіргі таңда «Кавендиш» бананының жапырақтарының биіктігі 3 метрге, ал сабағы 10 метрге дейін жетеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастамадағы басты мақсат – Сарыағаштың құнарлы топырағы кез келген өнімге қолайлы екенін дәлелдеу, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеру.

Айта кетерлігі, жылыжайда бананнан бөлек папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе және питайя секілді экзотикалық жемістерді жерсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Барлық өсімдіктер жылыжай жағдайында, қажетті температура мен ылғалдылық тұрақты сақтала отырып өсіріледі. Бұл өз кезегінде өнімнің экологиялық тазалығын, сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мұндай жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық, сапалы өніммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экзотикалық жемістерді жергілікті жерде өсіру Түркістан облысының аграрлық әлеуетін кеңейтіп, өңірді инновациялық ауыл шаруашылығы орталығына айналдыруға жол ашады.